Қытайдан тартылатын теміржолдың Қырғызстан үшін стратегиялық маңызы зор

БІШКЕК. 26 шілде. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржол магистралінің құрылысы Қырғызстанның дамуы үшін стратегиялық маңызға ие.

Бұл туралы Қырғыз Республикасының бірінші вице-премьері Өмірбек Бабанов мәлім етті.

Бішкекте Қытайдың коммуникациялық нысандар құрылысы жөніндегі топ корпорациясының (CCCC - China Communications construction company Ltd) делегациясы келді.

Олармен болған кездесу барысында Ө.Бабанов Қырғызстанда жүзеге асырып жатқан елдің көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобалары үшін қытай тарапына алғыс білдірді және осындай зор маңызға ие жобалардың бірі «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржол магистралінің құрылысы екенін атап көрсетті. «Бұл жоба Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Мұндай жобаларға ірі компаниялардың атсалысуын біз тек қана қолдаймыз», - деп атап көрсетті қырғыз вице-премьері өз сөзінде.

Қытай делегациясының басшысы, корпорация вице-президенті Чень Феньцзянь өз кезегінде, Қырғыздың көлік министрі Е.Ысқақовпен жүргізілген келіссөздердің аясында тараптардың бірқатар жобалар бойынша мәмілеге келгендерін, оның ішінде «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржол магистралінің құрылысы да талқыланғанын атап көрсетті. «Бұл жоба елдеріміздің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты арттыруға сеп болады. Және біздің корпорациямыз магистральдің құрылысына қатысуға дайын»,- деп атап көрсетті Чень Феньцзянь.