Елбасы Н.Назарбаев Бурабайда астық себуші облыстардың әкімдерімен өткізген кеңесте Қазақстанның астықты аймақтарындағы егін жинауға әзірлік жөніндегі жақсы жұмыстарын атап өткен болатын. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі саны «Дағдарыстан ширығып шығатын боламыз» деген тақырыппен Елбасының Қызылжар өңіріндегі жұмыс сапары туралы жазды.
«Ата Заңның үлкен қасиеті сонда, ол адам құқықтары мен бостандықтарының негізгі кепілі болады. Осы орайда қазіргі Қазақстанымыз ТМД елдерінің қай - қайсысынан болса да жоғары тұрғандығы біздің Ата Заңымыздың аса бай, қайнарлы, қазыналы мүмкіндіктерін танытады»,- деп жазған аталмыш басылымдағы «Атажұрттың Ата Заңы мың медет» атты мақала кеше Алматыда көші -қон жөніндегі комитет, Жастар саясатын дамыту жөніндегі мемлекеттік қор, «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанаты өкілдері, сондай- ақ шетелден келген қандастарымыздың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде көтерілген мәселелер төңірегінде баяндайды.
Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы кикілжің тұсында әскерге шақырылып, «отты нүктеге» түскен Әбіш Кекілбаев кезінде: «Бұлғаңдауды қоямын бұла жастай,
Арзымсызға аузымды тұрам ашпай.
Зымырандай зырқырап шығам көкке
Ракетамен атпаса құламастай...» - деп өзін қайрап өлең жазған екен.
«Шыңырау» деген атпен берілген үлкен мақаланы «Егемен Қазақстан» қайталанбас рухани ұлы тұлға Әбіш Кекілбайұлына арнапты.
***
Кеше Конгресс - хол сарайында, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен дәстүрлі тамыз кеңесіне назар аударған «Астана ақшамы» газеті «Бәсекеге қабілетті білім беру -басты бағыт» деген мақаласында аталмыш кеңестегі көтерілген мәселелер туралы жазды.
Осы газеттегі «Ұстаз - ұрпақ болашағының ұстасы» деген тақырыппен берілген келесі мақала Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың Тамыз кеңесінде сөйлеген сөзін жариялаған.
***
«Ілгеріде арақтың атауы «Пшеничная», «Экстра», «Ржаная» деп келген еді. Ал соңғы уақытта ақша табуға құныққан арақ - шарап зауытының қожайындары өздері шығаратын арақ өнімдерін «Парламент», «Сенат», «Президент» деп атауды дәстүрге айналдыра бастады. Басқаны былай қойғанда, Павлодар қаласындағы «Океан» дүкенінен «Нұреке» деп аталатын сыйымдылығы 0,7 грамдық арақты көргенімде шыны керек ашуға булығып кеттім», - деп жазған «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Нұреке» деп қойғаны қай сасқаны?» деген мақала әркімді де ойландырады.
Ал «Теңге орнында түйме жүр» деген тақырыптағы мақалада «Айқын» газетін соңғы уақытта Алматыдағы жолаушылар көліктеріне орнатылған касса аппаратының тиімділік жағын мәдениеті төмен тұрғындар басқаша пайдананып, жолаушылар тасымалдайтын мекеме басшыларының басын қатырып отырғаны турасында жазған.
***
«...Миллиардтан астам халқы бар көрші Қытай елі озық үлгіде дамыған ауыл-шаруашылығының арқасында май шайнап отыр. Олардың 70 пайызы ауылды жерлерде қоныстанған. Егін шаруашылығымен шұғылданып мемлекеттің де, халықтың да сұранысын өтеп келеді. Сонымен бірге өнімдерін әлемнің көптеген елдеріне экспортқа шығаруда. Бір ғана біздің елімізге көкөністерді экспортқа шығарып қаншама табысқа кенелуде... Қазақстанның топырағы Қытайдан әлдеқайда құнарлы, суы тұнық, жауын-шашыны мол, ауа райы жақсы болғанымен оның игілігін көре алмай отырмыз», - деп жазады «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында. Баршамызға салмақты ой тастаған бұл мақала «Қытайды қарқ қылған көкөніс қазақ ексе шықпай ма?» деген тақырыппен берілген.
Аталмыш басылымдағы «Республикада мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша бой көтерген үйлердің көпшілігі сын көтермейді. Құрылыс мамандарының айтуынша, кезінде бетон құйғанда оның арасына салынатын 14-16 мм жуан арматуралардың орнына сегіздік арматуралар қойылған екен. Тіпті 10 тонна цемент кететін жерге «үнемдікпен» 8 тонна құйылған көрінеді. Ең сорақысы, осының барлығы Қытайдан әкелінген сапасыз өнімдер екендігі айтылып отыр. Сейсмикалық қауіпті аймақ болып есептелетін Алматы қаласында осының салдары бүгінгі кезде байқалуда», - деп жазған келесі мақала «Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерге бақылау жоқ» деген тақырыппен тұрғын үй құрылысының түйткілдеріне назар аударады.
***
«Қазақта бітпейтін бір дау бар. Ол - жер дауы. Ол дау кейінгі кезде тіпті өршіп кетті. Оның себебі не? Жер ресурстарын басқару агенттігіндегілер оның себебін, әрине жерге байланысты заңдардың орыналмауына әкеліп тірейді», - деп жазған «Алтын орда» апталығының осы санында «Жүйкелеткен жер дауы» деген мақала жарияланды. Аты айтып тұрғандай, мақала бүгінгі жер дауы мәселесін ортаға салады.