Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі Қазақстан Даму банкіне 100 млн. доллар қарыз беретін болды

АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Кеше Бейжіңде Қазақстан Даму банкі мен Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі арасында жеңілдетілген несиелік желіні беру туралы келісімге қол қойылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан Даму банкі» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, келісімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына жасап отырған мемлекеттік сапары аясында қол қойылған. Мемлекет басшыларының қатысуымен келісімді Қазақстан Даму банкінің президенті Жанат Жақанов пен Қытайдың Экспорттық-импорттық банкінің президенті Ли Жуогу бекіткен. «Қол қойылған келісімге сәйкес, Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі Қазақстан Даму банкіне өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық салалардағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін 20 жыл мерзімге 100 млн. доллар сомасында қарыз береді», делінген баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.