Қытайдың Еуропаға жөнелткен сәлемдемелері Қазақстан арқылы жеткізілуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазпошта» халықаралық сәлемдемелерді жеткізуде жыл сайын 88 пайыз өсім көрсетуде. Бұл туралы бүгін елордада өткен Тәуелсіз әл-ауқат қорлары халықаралық форумының (IFSWF) 9-шы отырысында «Қазпошта» АҚ-ның басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең алдымен әлемде электрондық коммерция нарығын өте жылдам қарқынмен дамып отыр және Қытай өсім нүктесі саналатындығын айтқым келеді. Электрондық коммерция нарығының 40 пайыздан астамы Қытайда жасалатындығын білеміз. Сондықтан «Бір белдеу, бір жол» Қазақстан үшін маңызды жоба саналады. Өйткені, Қытайдың электрондық коммерция өніміне әлемнің көптеген елдері қызығушылық танытуда. Жыл сайын Қытайдан Ресейге қарай 2 млн, ал Еуропаға қарай шамамен миллион сәлемдеме жіберіледі. Көрші Өзбекстанда да өте жақсы реформалар жүргізіліп жатыр. Меніңше, таяу уақытта бұл нарық ашылады. Бұл 30 миллиондық үлкен нарық және электрондық коммерция нарығы үшін тартымды», - деді ол.

Оның айтуынша, Али баба компаниясының бағалауынша, 2020 жылға қарай Қытайдан Еуропаға жыл сайын 800 млн сәлемдеме тасымалданатын болады.

«Міне дәл осы жайт біздің компанияда қызығушылық тудырады. Өйткені, теңізбен тасымалдау ұзақ уақытты алса, ұшақпен жеткізу қымбат. Сонда теміржол мен автомобиль жолы қалады. Ал бұл орайда біздің еліміздің перспективасы өте жақсы. Себебі біз арқылы Қытайдан Ресей, Еуропаға дейін - ең қысқа жол. Біз жыл сайын халықаралық пошта бойынша 88 пайызға өсіп келеміз. Бұл өте жақсы динамика», - деді Сәрсенов.

 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта электрондық коммерция нарығының жеткізілуі 35 тәулікті құрайды. Таяу уақытта оны 10 күнге, одан кейін 3 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік бар.