Қытайдың ірі мегаполистерінде коронавирусқа байланысты сабақ тоқтатылады

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясының Гуанчжоу қаласындағы мектептер дүйсенбіден бастап оқытуды тоқтатады. Бұл шектеулер коронавирустың таралуын тежеу мақсатында қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«11 сәуірден бастап Қытай мегаполисіндегі бастауыш және орта мектеп оқушылары қашықтан оқытуға көшеді», - делінген жергілікті билік өкілдерінің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, қаладағы мектептен тыс білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде сабақтар болмайды. Жоғары оқу орындары жабық басқару режиміне ауыстырылуда. Балаларды балабақшаларға қабылдау да жүргізілмейді. Әкімшілік жергілікті тұрғындарды Гуанчжоудан орынсыз кетпеуге шақырады.
Өткен демалыс күндері мегаполисте халықты ковидке тестілеудің жаппай қалалық науқаны басталды. Дүйсенбідегі жағдай бойынша 19 миллионнан астам тұрғын ПТР сынақтарынан өтті.
Ресми мәліметтерге сәйкес, өткен тәулікте Гуанчжоуда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 22 жағдайы анықталды. Мегаполис билігі COVID-19 жұқтырған науқастарға арналған уақытша аурухананың құрылысын алдын ала бастады.