Қытайдың «көкшіл қояны» тірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың «Көкшіл қоян» (Юйту) атты аппараты Ай бетіндегі жұмысын қалпына келтірді. Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары хабарлаған.

Қытайлық БАҚ ай бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты құрылымның өкілі Пэй Чжаоюның: «Ол тірі! Енді ең құрығанда оны құтқарып алуға мүмкіндік болады. Ол тірілді!» деген сөзін жарыса жазуда.

Еске сала кетейік, Ай бетіне 2013 жылдың 14 желтоқсанында жеткізілген «Көкшіл қоян» 25 қаңтарда «айдағы түннің» басталуына орай «ұйқы режиміне» ауысуы керек болатын. Алайда бұл режим іске қосылмап еді. Айдағы түн шамамен біздегі 14 тәулікке созылатындықтан «Көкшіл қоян» осы уақыт аралығын штаттық режимде көтере алмайтыны айтылған болатын. Кейіннен, ақпанның 10-ында Айдағы күн басталысымен аппарат «тіл» қатпаған. Мамандар «Көкшіл қоян» түнді көтере алмады деп топшалаған. Пэй Чжаоюй да «Біз осы «айдағы түн» барысында ол тым төменгі темперетураны көтере алмауы мүмкін деп қобалжыған болатынбыз», - дейді.

Мамандардың сөзіне қарағанда, қазір «Көкшіл қоян» дабылдарды қабылдауға қауқарлы болып отыр. Оның жұмысында біраз ақаулар болғанына қарамастан қытайлық мамандар «біз оны құтқарамыз» деп барын салуда.

Еске салатын жайт, «Көкшіл қоян» аппараты алғашқы фотосурет және видеомағлұматтарын жіберіп үлгерді. Айтпақшы аппаратқа берілген осы атау интернет арқылы дауыс беру нәтижесінде таңдалды және ол қытайлық фольклорға негізделген көрінеді. Аталған қондырғы бұрышы 30 градус қиғаштықтағы төбешіктерге шыға алады, сондай-ақ оның жылдамдығы сағатына 200 метрге дейін жетіп отыр. Айды зерттеу бойынша қытайлық миссия үш кезеңді қамтыды. Онда Айдың орбитасына шығу, оның бетіне қону және қайтадан Жерге оралу міндеті қойылып отыр.