19:27, 15 Сәуір 2009
Қытайдың мемлекеттік даму банкі Қазақстанның даму банкіне 100 млн. АҚШ доллары сомасында несие беретін болды
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында «Қазақстанның даму банкі» АҚ мен Қытайдың мемлекеттік даму банкі арасында несие желісін беру жөнінде келісімге қол қойылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстанның даму банкі» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.«Құжатқа «Қазақстанның даму банкі» АҚ тарапынан - банк президенті Жанат Жақанов, ал Қытайдың мемлекеттік даму банкі тарапынан - вице-президент Гао Цзянь қол қойды. Келісімге сәйкес Қытайдың мемлекеттік даму банкі Қазақстанның даму банкіне өнеркәсіп пен инфрақұрылымның әртүрлі салаларындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін 10 жыл мерзімге 100 млн. АҚШ доллары сомасында несие беретін болады», делінген баспасөз қызметінің бүгін таратқан хабарламасында.Қазақстанның даму банкі мен Қытайдың мемлекеттік даму банкі Шанхай ынтымақтастық ұйымы банкаралық бірлестігінің мүшелері болып табылады және инвестициялық жобаларды бірігіп қаржыландыру бойынша қызмет етеді. Атап айтқанда, банктер Алматы облысындағы серпінді жобаның бірі Мойнақ су электр стансысының құрылысын бірігіп қаржыландыруда. Бұдан бұрын Қытайдың мемлекеттік даму банкі Қазақстанның даму банкіне 100 млн. доллардан екі транш берген болатын.