Қытайдың оңтүстігінде нөсер жауынның салдарынан 17 адам қаза болды
09:31, 19 Сәуір 2011
БЕЙЖІҢ. 19 сәуір. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун уәлаятында қатты жел тұрып, күн күркіреген және бұршақ араласып жауған нөсер жауынның салдарынан жалпы есеппен 19,7 мыңдай адам зардап шекті. 17 адам қаза болып, 187 адам түрлі жарақат алды. Табиғат апатынан келген тікелей экономикалық шығын 20 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 17 сәуірде Гуандун уәлаятында қатты нөсер болып, ұйытқып жел тұрды, бұршақ жауды, кейбір аудандарда желдің жылдамдығы 45 метр/секундқа дейін жетті. Апат аумағынан шұғыл түрде 907 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Табиғаттың тосын мінезінен 45 тұрғын үй қираған, ал зардап шеккен егістік алқаптарының ауданы 1680 гектарды құрап отыр.