Қытайдың Шіңгіл ауданында тұңғыш рет «Қара жорға» мерекесі өтті

СТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Ризабек Нүсіпбекұлы/ - Кеше түстен кейін, Шынжаңның Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданында тұңғыш рет кезекті «Қара жорға» мерекесі аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қытайдың «Халық газеті» сайтына сілтеме жасап.

2009 жылдың дәл осы күні Шіңгілдегі әр ұлт халқынан құралған 13 мың 288 адам бір мезетте «Қара жорға» биін билеп Гиннестің рекордтар кітабынан орын алған болатын. Сонымен бірге бұл би Қытайдағы ең таңдаулы 12 туындының бірі болып бағаланған еді. Кеше Шіңгіл халқы сол ұлы думанды тойдың бір жылдығын еске алды. «Қара жорға» мерекесі аудан қалашығының халық алаңында өткізілді. Салтанатты тойды 1000-нан астам арнайы дайындалған бишілер «Қаражорға» биімен бастады. Әрі қарай алаңға жиналған ақ басты атадан, алты жастағы балаға дейінгі адамдар өнерпаздармен қосыла би билеп, мереке шаттығына шомылды. Кеш соңы концерттік бағдарламамен жалғасып, шат заман, бақытты тұрмыс бимен кестеленіп, әнмен өрілді.