ҚХР Іле қазақ автономиялық өлкесінің Тарбағатай аймағына қарайтын 5 аудан 2 қаладан жиналған өнер иелерінің басын қосқан ақындар айтысы мен мәдени туризм мерекесі 3 күн бойы Толы ауданының Қоңыроба сазы жайлауында мерекеленді. Ауқымды мәдени шарада ақындар айтысы, терме айту, күй, сыбызғы, қобыз тарту, қазақ киіз үйінің әсемдігін бағалау жарыстары өткізілді. Ұлттық спорт түрлерінен көкпар тарту, теңге ілу, қыз қуу ойындары, 23 шақырым және 9 шақырымдық бәйге, 6 шақырымдық түйе жарысы, балуандар күресі, дойбы, шахмат жарыстары өткізілді. Сондай-ақ қолөнер бұйымдары, ұлттық киім-кешек, азық-түлік, киіз үй мәдениеті көрмесі көрсетілді.
Шараның соңғы күні әр өнерден бабы мен бағы қатар озған жүлдегерлердің есімдері аталып, марапатталды. Ақындар айтысының бас жүлдесі Сауан ауданының ақыны Нағман Шұқанұлының қанжығасына байланды. Осылайша сән-салтанаты жарасқан, ән мен жырға ұласқан өнер тойы межелі мәресіне жетті. Екі жыл сайын өткізіліп келе жатқан аймақтың дәстүрлі ақындар айтысының келесі кезегі 2019 жылы Дөрбілжің ауданында өтетін болып, айтыс туын аудан әкімі Мақсұтқан Жамсапұлы қабылдап алды.