Қытайдың ұлттық кітапханасында қазақстандық әдебиет бұрышы ашылды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бүгін Қытай ұлттық кітапханасына қазақстандық әдебиет бұрышының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Шараны Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі және Қытай мәдениет министрлігінің жәрдемімен ҚХР-дағы ҚР Елшілігі ұйымдастырды.  Оған ҚХР-дағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев, Қазақстан Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұғалбаева, Қытай ұлттық кітапхана директоры Хань Юнцзин, қазақстандық дипломаттар, Қытай орталық телеарнасының тілшілері, белгілі жазушы Акбар Мәжит, ҚХР-дағы басқа да қазақ зиялылары қатысты.

Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасы Қытай ұлттық кітапхана қорына қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде көркем, ғылыми-публицистикалық, басқа да жанрлар қамтылған 100-ден астам кітап, оның ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, ҚР көрнекті саясат қайраткерлерінің туындыларын тапсырды.

    

Сондай-ақ шара қатысушыларының назарына «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің  концерті ұсынылды. «Мәдени байланыстар Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы достастық қатынастарды нығайтуда ерекше рөлге ие. Екі ел қоғамдастығының үздік өзара түсіністігі үшін әдеби туындылармен алмасудың маңызы зор. Бүгінгі шара - Қытай ұлттық кітапханасында қазақ әдебиетінің бұрышын ашу - екіжақты қатынастың ерекше деңгейінің куәсі болып табылады», - деді рәсімде Ш. Нұрышев.

 

Қытай ұлттық кітапханасының директоры Хань Юнцзин қазақстандық тарапқа сыйлаған кітаптары үшін алғыс білдірді. «ҚҰК қазақ әдебиеті бұрышын ашу Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынас орнатудың 25 жылдығы және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтуде», - деді ол.

Қытай Халық Республикасы болып жарияланған сәтте кітапхана қорында бір жарым миллионға жетер-жетпес құжат болған. 1998 жылғы желтоқсанда ҚХР Мемлекеттік кеңесі кітапхананың атын «Чжунго гоцзя тушугуань» (Қытай ұлттық кітапханасы) деп өзгертті. Кітапхана әлемдегі қытай кітаптарының ең көп коллекциясын қамтиды.