Қытайлық автоөнеркәсібі Кедендік одақ нарығына шықты

БЕЙЖІҢ. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытай кеденнің статистикалық мәліметтері бойынша, биылғы жылдың 11 айының ішінде Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданының бақылау-өткізу пунктінен 14 мыңнан астам автомобиль экспортталды.

Экспорт көлемі шамамен 590 млн. АҚШ долларын құрады, өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда сәйкесінше 2 есеге өсті. Қазақстанға автокөліктер экспорты 2,5 есе өсіммен шамамен 7 мың дана, Ресейге 4,5 есе өсіммен 3 мыңнан астам дана болды.

ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында қытай-еуропалық қауымдастықтың экономикалық және техникалық ынтымақтастық бойынша бас хатшысы У Хайюй Қытайдың өз автомобильдерін Орталық Азия, әсіресе Қазақстанға экспорттаудың үлкен болашағы мен мүмкіндіктерін көретіндігін хабарлады.

«Қазақстан Орталық Азиядағы ауқымды нарық болып табылады. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы жақында құрылған Кедендік одақтың мүшесі. Келесі жылы біз қазақстандық тұтынушы қытайлық автоөнеркәсібін жақсы білуі үшін Қазақстанда көлік көрмесін өткізуге дайынбыз. Содан кейін жоспарымызда - бірлескен кәсіпорындарды құру», - деп атап өтті У Хайюй.

«Синьхуа» агенттігінің хабарламалары бойынша, қытайлық «Джили» холдингі Беларусте жеңіл көліктер өндірісін құруға қызығушылық танытып отыр.

Осылайша, Беларусь премьер-министрі Михаил Мясниковичтың қытайлық холдингтің басшылығымен жақында болған кездесуі кезінде жобаны орындаудың мүмкіндіктері қарастырылды. Қытайлық көлік өнеркәсібі өнімі тұсаукесерінің барысында қытайлық «Джили» холдингінің президенті Ян Цзянь Беларусь кәсіпорындарының бірінде жаңа күштерді жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін білдірді.

2010 жылы «Джили» маркасындағы көліктерді сатудың негізгі көлемі 416 мыңға жетті, соның ішінде экспорттау 56 мың данадан асты.