Қытайлық боксшы қандасымыз Токиода жекпе-жек өткізбек

АСТАНА.ҚазАқпарат - Қытайда тұратын 23 жастағы кәсіпқой қазақ боксшы Бейсенбі Нәсиоллаұлы (12-0-1, 5КО) кезекті жекпе-жегін қазан айында Жапония астанасы Токиода өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен рингке 20 қазанда шығамын. Қарсыласым жапондық  Рикки Найто есімді боксшы. Ол солақай. Бұл жекпе-жек мен үшін рейтингтік кездесу болмақ. Егер жеңіске жетсем, жыл соңына дейін тағы бір кездесу өткізіп,  WBC нұсқасы бойынша Азия чемпионы титулын қорғайтын боламын», - дейді Бейсенбі ҚазАқпарат тілшісіне берген жауабында.

26 жастағы Рикки Найто кәсіпқой боксқа 2011 жылы келіп, жалпы 19 кездесу өткізген. Жапондық оның 17- сінде жеңіске (6 нокаут) жетіп, 2 айқаста жеңілген. Ол бұл күнде супер жеңіл салмақта әлемдік рейтингте 32-орында тұр.

Қытайлық жанкүйерлер Головкиннің ізбасарына балап «OneG» атап кеткен Бейсенбі Қазақстандық танымал боксшы Қанат Исламның Қытайдағы жерлесі. Қанаттың алғашқы ұстазы Мұрат Бошайұлынан тәлім алған Бейсенбі кәсіби рингте жалпы 12 кездесу өткізіп, 11 айқаста жеңіске жеткен (5 нокаут) және біреуінде тең түскен. Қандасымыз соңғы жекпе-жегінде жапондық Тайшо Озауаны 10 раундта ұпай санымен жеңіп, WBA және WBC нұсқасы бойынша Азия чемпионы титулын (WBA International super lightweight title,WBC Asian Boxing Council Continental super lightweight title) иеленген болатын.