Қытайлық дүнгендер халықаралық мәдениет және туризм халықаралық фестивалін өткізбек

ЖІҢ. Шілденің 18-і. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Соңғы кездері Қытайдағы Нинся-Хуэй автономиялық өлкесінің тұрғындары өздерінде көптеген ірі ауқымды халықаралық шараларды өткізуде белсенділік көрсетуде.

Өткен жылы осы өлкенің әкімшілік орталығы - Иньчуань қаласында халал тағамдар мен ислам мәдениетінің халықаралық фестивалі бүкіл мұсылман әлемінің өкілдерін түгел дерлік жинаған  болатын. Мұнда тұратын 6,18 млн. тұрғындардың көпшілігі - мұсыландар. Олардың арасында мәнжүрлер, моңғолдар, корейлер және басқа да 33 ұлттар мен халықтардың арасында дүнгендер 36 пайызды құрайды.

Биылғы қыркүйектің 8-інде ҚХР-дың Нинся-Хуэй автономиялық өлкесінің өкімет орындары халықаралық мәдениет және туризм фестивалін салтанатты түрде ашуды жоспарлауда.

Алдағы фестивальдің бағдарламасында Қытайдың солтүстік-батыс өлкесінде тұратын халықтардың ән-би ұжымдарының концерті, қытай киноөнерінің фестивалі, дүнген ұлттық қолданбалы өнерінің көрмесі, құрлықтық Қытай мен Тайваньның жазу өнері, ҚХР-дың солтүстік-батыс аймақтары мен уәләяттарының туристік индустриясының мүмкіндігін көрсететін жәрмеңке, жоғары деңгейдегі туристік форум өтпек.