Қытайлық sohu.com спорт порталының хабарлауынша, ең жеңіл салмақта (50.8 кг) жұдырықтасатын Ұлан Төлеғазыұлы Шанхай қаласындағы бокс кешінде жеңіліп көрмеген жапондық боксшы Риота Ямаучимен (4-0-0, 4КО) WBA тұжырымы бойынша халықаралық чемпион титулын (WBA International Flyweight Title) сарапқа салды.
12 раундқа созылған тартысты жекпе-жекте, қандасымыз қарсыласын бір рет нокдаунға түсіргенімен, 6 раундта өзі де бір рет нокдаун алып қалды. Алайда, екі боксшы да жеңіс үшін аянбай жұдырықтасып, қорытындысында басымдық танытқан қазақ боксшысы төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Есеп 115/112,117/109,117/109.
Осылайша Ұлан Төлеғазыұлы ең жеңіл салмақта үш бірдей бокс ұйымының чемпиондық титулдарын иеленді. Бұған дейін ол WBC тұжырымы күміс белдігі (WBC Silver Flyweight Title) және WBO тұжырымы Азия-Тынық мұхит чемпионы (WBO Asia Pacific Flyweight Title) белдіктерін жеңіп алған болатын.