Қытайлық компаниялар Қазақстанда ІТ-стартап жобаларын жүзеге асыра алады -Елбасы

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайлық компаниялардың Қазақстанда ІТ-стартап саласындағы жобаларды жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасалады. Бұл туралы бүгін Қытайға мемлекеттік сапары аясында осы елдің бизнес капитандарымен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан экономикасын жедел жаңғыртуға және инновацияның жаңа технологияларын енгізуге бағыт алды. «Цифрлық Қазақстан» деп аталатын арнайы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Осыған байланысты экономика салаларын цифрландыру, инновациялық экожүйені дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру маңызды», - деп атап өтті Елбасы.

Осы орайда Мемлекет басшысы елімізде Назарбаев Унивреситеті, Инновациялық технологиялар паркі сынды инновациялық кластерлердің жұмыс істе жатқандығын баса айтты.

«Ағымдағы жылы Астанада ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі ашылады. Мұның барлығы да сіздермен ынтымақтастығымыздың келешегі зор алаңы бола алар еді. Біз қытайлық компаниялардың жұмысы үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапармен келіп, кеше ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.

Нәтижесінде бірнеше құжатқа қол қойылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен жүздесті.

Ал 10 маусым күні ҚР Президенті Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысады деп күтілуде.