«Аграрлық секторға айрықша назар аударамыз. Бұл ретте Қазақстанның мүмкіншіліктері орасан зор. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілерге мемлекеттік қолдауды қарастырады», - деп атап өтті Елбасы.
ҚР Президентінің айтуынша, бұл секторды дамытуда жаңа технологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру және оны экспортқа шығару басымдық саналады.
«Біз соңғы жылдары алғаш рет Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттай бастадық. Кешегі өткен келіссөздер барысында бұл сауда-саттықтың қарқынын арттыруды жалғастыра беретіндігімізді атап өттік. Қытайлық компанияларды агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды белсенді жүзеге асыруға шақырамыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапармен келіп, кеше ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.
Нәтижесінде бірнеше құжатқа қол қойылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен жүздесті.
Ал 10 маусым күні ҚР Президенті Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысады деп күтілуде.