Қытайлық Ресейден алтын құймаларды заңсыз алып өтпек болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің шекарасынан құны 8 миллион рубльден асатын алтынды заңсыз алып өтпекші болған Қытай азаматының жолы кесілді. Бұл туралы Ресей Солтүстік Сібір көлік прокуратурасының ресми сайты хабарлады.

2017 жылғы 7 қазан күні Ресейдің Благовещенск кеден бекетінде 1981 жылы туған Қытай азаматын тексеру кезінде ұлтарағынан кеден қағазында көрсетілмеген 4 дана құйма алтын табылған.

Сарапшы мамандардың қорытындысы бойынша, заңсыз жолмен әкетпек болған алтынның салмағы 3680 грамм. Бағалы бұйымның жалпы құны Ресей валютасымен 8 666 878 рубльді құраған.

Аталған оқиғаға байлданысты Ресей Қылмыстық кодексінің 226.1-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.