Қытайлық жанкүйерлердің сыйы Димашты ерекше толқытты

АСТАНА.ҚазАқпарат -  «Singer-2017» ән байқауында өнер көрсетіп, ерекше талантымен  сан миллиондаған қытайлық тыңдармандарды таң қалдырған Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері бүгін әншіге тосын сый жасады.

 Бұл туралы әншінің досы әрі ресми өкілі Алпамыс Шаримов өзінің Инстаграмдағы парақшасында жазды.

 

«Димаштың @kudaibergenov.dimash жанкүйерлері күннен-күнге таңқалдыруларын қоймайды. Расымен, мақтанға салынбайықшы деп, көп тосын сыйларды жариялай бермейміз. Бірақ, бүгінгісі ерекше! Қытай фанаттары арнайы Қазақстанды зерттеп, виза ашып, елімізге барыпты. Димаштың қарны ашып қалмасын деп, қазақ ұлттық тағамдарын дайындап бүгінгі түскі аста бізді таңқалдырды. Қазы-қарта, тары-талқан, құрт-май, жеміс-жидек бәрі бар! Жырақта жүрген жан үшін бұл тағамдардың орны ерекше екені сөзсіз! Қорап-қорап сыйлық. Әлі ашып та үлгермей жатырмыз! Барлығы әншісіне деген ниеті ғой жанкүйерлердің...» , - дейді ол.

  

«Жалпы, Димашқа арналған фан-топтар көп. Бұл #DimashSisters яғни "Димаштың қарындастары" атты фан топтың сыйлығы. Қиялдарында шек жоқ қой шіркін!? Қандай керемет!.. Димаштың атынан барша #DimashSister фан тобының қыздарына алғыс білдіремін! Бүгін біз расымен де ауылға барып қайтқандай болдық!!! Раxмет, Dears!»,- деді Алпамыс Шаримов өзінің Инстаграмдағы парақшасында.

  

Қуантарлық жағдай, Димаштың 9 қаңтарда ашқан Sina Weibo (Туиттердің баламасы) әлеуметтік жеке парақшасына жазылған жанкүйерлер саны 2 миллион 800 мыңға жетті.

 

Еске сала кетсек, Димаш «Singer-2017» ән байқауының сегіз кезеңінде өнер көрсетті.  Бұл кезең 11 наурызда эфирден көрсетілетін болады.