Қытайлықты қағып кеткен қазақстандыққа қатысты сот отырысы басталды

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Ағымдағы жылы маусымның 6-сы күні Қытайда мотожүргізушіні қағып кеткен «Павлодар-Үрімші» автобусының жургізушісі Владимир Шустқа қатысты сот отырысы басталды.

Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов мәлім етті.

Павлодарлық азамат В.Шустқа қатысты тергеу амалдары енді ғана аяқталып, сотқа берілген көрінеді. Қайғылы оқиға орын алған кезде автобуста болған жолаушылар бәріне куә болды. Олардың айтуынша, мотоцикл мінген қытайлық азамат жол жүру ережелерін бұзып, жолдың қарсы жағына шығып кеткен. Оған қоса, ол мас болды. Сол күні қытайлықтар Күріш мейрамын тойлап жатқанға ұқсайды. Ал бейресми дерекке сәйкес, соңғы кездері Қытайдағы кейбір азаматтар әдейі көліктің астына түсіп, осымен нәпақа табуды әдетке айналдырған.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахмановтың сөзіне қарағанда, В.Шуст қайтыс болған қытайлық азаматтың туған туыстарына моральдық шығын төлеп, елге оралуы мүмкін. «Бірақ оның күнәсі толығымен дәлелденетін болса, В.Шустты қамауға алады», - дейді ол.