Меморандум Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейде одан әрі ілгерілетуге және дамытуға, оның ішінде екі елдің ғылыми ұйымдары арасындағы әріптестік байланыстарды үйлестіруге бағытталған. Құжатқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин және ҚХР Коммерция министрі Ван Вэньтао қол қойды.
Құжат «Сауда-экономикалық стратегиялар орталығы» қоғамдық қоры (Қазақстан) мен ҚХР коммерция министрлігінің халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық академиясы арасында қажетті зерттеулер, бірлескен талдамалық және басқа да шолулар жүргізуді, озық тәжірибе мен ақпарат алмасуды көздейді. Зерттеу бағыттары – бизнес-ортаны жақсарту тұрғысынан екіжақты сауда, электрондық коммерцияны, Қазақстан мен Қытайдың транзиттік және логистикалық әлеуетін дамыту, арнайы экономикалық аймақтар институтын жетілдіру, «жасыл» даму, жаңа энергетика және екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басқа да маңызды мәселелері.
Сондай-ақ, өзара түсіністік туралы меморандум сауда-экономикалық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты ынталандыруға ықпал етуге және өзара сауданың әлеуетін арттырудың тәсілдері мен тетіктері бойынша ұсыныстар әзірлеуге, инновациялық дамуға жәрдемдесуге, жаңа технологияларды пайдалануға бағытталған және басқа да бірлескен іс-шараларды өткізу мүмкіндігі қарастырылған.