Қытаймен шекарадағы «Достық-Алашаңқай» өткелімен жүк тасымалы рекордтық көрсеткішке жетті - ҚТЖ

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Өткен жылы Қытаймен шекарада орналасқан «Достық-Алашаңқай» өткелі арқылы жүк тасымалдау рекордтық көрсеткішке жетті.

Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтың қатысуымен «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ-ның 2012 жылдың қорытындысы мен 2013 жылдың басым бағыттарына арналған кеңесте аталған компанияның басшысы Асқар Мамин мәлім етті.

«Былтыр «Достық-Алашаңқай» шекара өткелі арқылы жүк тасымалдаудың рекордтық көрсеткіші белгіленді. Атап айтқанда, оның көлемі жылына 16,5 млн. тонна жүкті құрады. Бұл өз кезегінде «Достық» стансасының қызметі басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш»,-деп атап өтті ҚТЖ басшысы.

Сонымен қатар ол, 2012 жылдың желтоқсанында жүк тасымалдау үшін Қазақстан мен Қытай шекарасында «Алтынкөл-Қорғас» екінші шекаралық өткелі ашылғандығын еске салып өтті.

«Атап айтқанда, қаңтарда жаңа шекаралық өткел арқылы жүк тасымалдау көлемі 150 мың тоннаны құрайды. Бірінші жылдың соңына дейін тасымалдау мөлшері 2 млн. тонна деңгейінде болжанылады»,-деп түйді А. Мамин.