Еліміздің өңірлерінде қыз алып қашу дәстүрі сақталуда. Алайда заң өзгерген бүгінгі жағдайда егер қызды келісімінсіз алып қашса, бұл тұрғыда тиісті жаза қарастырылған.
«2016-2017 жылдары елімізде қалыңдық ұрлауға қатысты 12 қылмыстық іс тіркеліп, оның екеуі сотқа жолданды. Ал қалғандары тараптардың татуласуы және қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылды», - деп атап өтілген ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінде.
Бұдан бөлек, ведомство өткен жылы отбасындағы дау-жанжалдарға қатысты тіркелген деректерді де хабарлады.
«2017 жылы отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73 бабы бойынша (отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастарда заңға қайшы іс-әрекеттер) 27 мың құқықбұзушылық тіркелді», - делінген министрлік жауабында.