«Жер шарын қауіпсіз мекен жасайық! 27-29 тамыз күндері Астанада, Семей мен Курчатов қалаларында ядролық қарусыз әлем құруға арналған халықаралық конференция өтеді. Қылышынан қан тамған кеңестік империяның озбыр саясатының салдарынан қазақ жастарын қырғынға ұшыратқан желтоқсан оқиғасының азалы табы 1989 жылы Семей ядролық сынақ полигонын жабуға бағытталған "Невада-Семей" қозғалысының құрылуына серпін берген болатын»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Бірақ Кеңес өкіметінің орталық билігі Қозғалыс мақсатының орындалуына мүмкіндік бермеді. Ол арман тек егемендік алған 1991 жылы ғана іске асты. Ел сенімінің арқасында мемлекет тізгінін қолға алған Нұрсұлтан Назарбаев халқымызға есепсіз радиациялық нәубет әкелген, жер асты мен үстінде және атмосферада 40 жыл бойы 500-ге жуық ядролық тажал сынақтар өткізілген, экологиялық зардабы әлі толық тыйылмаған Семей ядролық полигонын өктемшілдіктен әлі арыла қоймаған бұрынғы орталықтың тегеуірінді қарсылығына қарамастан, өз пәрменімен жауып, оның соңын ала, ел аумағында орналасқан ядролық зымырандар жүйесін жоюға да бірден кіріскен болатын. Бұл жай ғана ерлік емес, бүкіл әлемнің санасын селт еткізіп, кілт өзгерткен, Еліміз бен Елбасының халықаралық аренадағы абыройын асқақтатқан және өзге мемлекеттердің ядролық сынақ полигондарының бірінен соң бірінің жабылуына тікелей ықпал еткен, күллі адамзат мүддесінен шығып, әлем қауымдастығынан жаппай қолдау тапқан, үлгі боларлық айбынды ерлік болатын. Бұл жайындағы мақала «Бұл - үлгі аларлық айбынды ерлік» тақырыбымен берілді.
Осы басылымда «Көше атауларын біріздендіру мәселесі шешілетін уақыт жетті» атты мақала басылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен және Шығыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен Өскеменде «Өңірлердегі ономастика мәселелері: көше атаулары жазылған тақтайшаларды біріздендіру» атты республикалық дөңгелек үстел өткізілді. Оның жұмысына белгілі ғалымдар, республика, облыс, қалалық ономастика комиссияларының мүшелері, облыстардағы тіл басқармаларының басшылары, ономастика мамандары, сарапшылар, жергілікті атқарушы билік өкілдері қатысты.
«Бүгінгі дөңгелек үстелді Астана немесе Алматыда өткізбей, еліміздің шығысындағы Өскеменде өткізудің мәні тереңде жатса керек. Батыс пен оңтүстік, солтүстіктен келіп отырған тіл мамандары, ономастика саласының білгірлері табиғаты тамылжыған өлкенің адамдарымен жақын танысып, мұндағы атқарылып жатқан жұмыстарды өз көздерімен көрсін, пікір алмассын деген ниеттен туған бастама. Алдағы уақытта да осындай пайдасы мол жиындарды өңірлерде өткізудің тиімді жақтары көп болады деген ойдамын», - деді жиынды ашқан республикалық Тіл комитеті төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Құрманбайұлы.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қостанай өңірінде бұрындары тек қана кинодан көретін оқиға болды. Қыз алып қашқан ақ «Джип» көлігі жол полициясы қызметкерлерінің талабын орындамағандықтан, тәртіп сақшылары амалсыз қаруды қолданып, көліктің дөңгелектеріне атуға тура келді. «Оқиға былай болған. Ішкі істер департаментінің «102» жедел қызметіне 23 жасар бойжеткен біреулер сіңілісін ұрлап, «Тойота» көлігімен алып қашқандығы жөнінде хабарлаған. Іле-шала Қостанай - Әулиекөл бағытындағы үлкен жолға жол полициясы тосқауыл қойды. Шұғыл іздестіру барысында жоғарыда аталған 20 жасар қызды Әулиекөл аулына қарай ақ түсті көлікпен алып қашқаны анықталды. Бұл жайында толық білгіңіз келсе «Қыз алып қашып... қолға түсті» тақырыбымен берілген материалды оқыңыз.
Осы басылымның жазуынша, тамыздың 28-30 аралығында Өскеменде халықаралық ІІІ бал фестивалі өтеді. Оған әлемнің 16 елінен омарташылар келеді. Бұл туралы Қазақстанның «Бал-ара» омарташылар одағының вице-президенті Игорь Рукавицин хабарлады. Фестиваль бағдарламасында «Омарташылықта инновациялық технологияларды пайдалану және бал араларының геноқорын сақтау» атты ғылыми-тәжірибелік конференция, дөңгелек үстелдер, бал жәрмеңкесі өтеді.
***
Қазақстан-Өзбекстан шекарасында кептеліп қалған жүк көліктерінің саны жүзге дейін қысқарды. Қазақстандық тараптың өтішіні бойынша өзбестан жағы бос және салмағы 40 тоннадан төмен көліктерге жол ашты, деп жазады «Экспресс-К» басылымы. Атап айтқанда 1 шақырымнан астам қашықтыққа созылған жүк көліктерінің кептелісі кеден бекетінің ауданында орын алды. Бір аптаға жақын уақыт мерзімінде Қазақстаннан, Кеден одағы мен Еуропалық одақ елдерінен тасымалдаушылар көрші мемлекеттегі көлік заңнамасындағы өзгерістерге байланысты Өзбекстанға кіре алмай әлек болды. Бірінші кезекте бұл заңнама салмағы 40 тоннадан асатын көліктерге байланысты. Енді қазақстандық тараптың өтініші бойынша көршілеріміз тауары тез бүлінетін көліктерді де кезексіз өткізе бастады.