17:55, 27 Наурыз 2009
Қыз ұрлап, зорлық көрсеткен жігіт ұсталды
АЛМАТЫ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда полиция қызметкерлері өзінің бұрынғы ғашық қызын ұрлап, оған зорлық көрсеткен жігітті қолға түсірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ішкі істер департаментінің тіл саясаты және ақпарат басқармасына сілтеме жасап..Бостандық ауданында тұратын Сәуле наурыздың 8-і күні үйінен кешкі 9-дар шамасында шығып, содан қайта оралмаған. Бұрын үйден ескертусіз ешқайда шықпайтынын білетін оның туыстары бірден аудандық ішкі істер басқармасына арызданады. Іздестіру жұмыстары алғашқы кезде нәтижесіз аяқталды. Тек апта өткен соң жоғалған қыздың туысы өзі екі жыл бұрын дос болған Әлібек деген жігіт жайлы хабарлаған соң іс ілгері жылжиды. Полиция қызметкері Әлібек күзетші болып жұмыс жасайтын қаладағы бір зиратқа келіп, одан жауап алады. Жалған ақпар берген оның сөзінен күдіктенген полицейлер күзетшінің жұмыс бөлмесін қараған кезде, қол-аяғы байланған қыздың үстінен түсті. «Бойын үрей билеген Сәуле алғашқыда ешқандай жауап бере алмады. Оған жедел жәрдем көмегі шақырылып, күдікті қамауға алынды», дейді қалалық криминалдық полиция басқармасының бастығы Амангелді Шідерқұлов. Жауап алу кезінде ұрланған қызды бұрынғы жігітінің алдап қолға түсіргені және осы уақытқа дейін ұрып, зорлық-зомбылық көрсеткені анықталды. Өзіне тағылған айыпты Әлібек мойындап, істеген қылмысына жауап беретін айтып отыр. Ал Сәулеге психолог-дәрігерлер көмек көрсетуде.