«Қыз Жібек» түркі тектіні тебірентті» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қазанның 13-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 13-і,  сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Нұр Отан» халықтық - демократиялық партиясының Инновациялық комитеті және «Өрлеу» экономикалық клубының бастамасы бойынша өткен сенбіде Астанада «Қазақстан -2030» Стратегиясы: Қазақстан үшін жаңа онжылдық мүмкіндіктері мен перспективасы» тақырыбында үлкен халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция өтіп, еліміз бен әлемдегі дамыған елдердің ұзақ мерзімді даму жолдары салыстырыла отырып, сарапталды». «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Стратегия - дамуға бастаған басты құжат» деген тақырыппен берілген мақала аталған конференция туралы егжей- текжейлі баяндайды.

 «Ақтөбе облысына қарасты Ырғыз ауданындағы 80-нен аса көлдің жағдайы мүшкіл. Мамандар: «Таяу арада бұл мәселе шешілмесе, апатты жағдай болуы бек мүмкін», дейді. Облыстың табиғи су қорының 80 пайызға жуығы Ырғыз ауданында екендігін ескерсек, бұл тек бір ауданның ғана проблемасы емес. Экономикалық маңызға ие үлкен бір облысқа айтарлықтай деңгейде зиянын тигізеді»,- деп жазған аталмыш басылымдағы келесі мақала «Ырғыздағы 80 көл мен 4 өзен» деген тақырыппен Ақтөбе облысындағы маңызды мәселені ортаға салыпты.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Ұлы мақсат, қажеттіліктен туған құжат» деген тақырыптағы мақалада «Қазақстан - 2030» стратегиясына 12 жыл толуына байланысты өткізілген халықаралық жиынға назар аударған.

 «Қазақстанның алдағы жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының тізгінін өз қолына алатындығын баршамыз білеміз. Алайда кеше қызықты хабар жетті: еліміздің осынау еуропалық кеуделі ұйымға төрағалығы «экономикалық және экологиялық өлшемде»  басталып та кетіпті» - дейді «Айқын» газетінің бүгінгі саны. Толығырақ осы басылымдағы «Қазақстанның ЕҚЫҰ- дағы төрағалығы басталды» деген мақаладан оқи аласыздар.

 ***

«Астанада алып зауыт салынбақ». «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санындағы осы тақырыппен берілген мақала франциялық «EADS Astrium» компаниясы Астанада ғарыш аппараттарын жинақтау-сынау кешенін 2012 жылдың соңына дейін салып бітетіндігі туралы жазды.

 Сондай - ақ «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санындағы «Адам қорқыныш пен үміттің арасында өмір сүреді» тақырыбымен берілген сұхбат «Нұр Астана» орталық мешітінің азаншысы Мейіржан Құлсынақовпен азаншылық кәсіптің қыр-сыры, құпия-құрметі жөнінде сыр шертеді.

***

«Алаш айнасы» Басылымы бүгінгі санында «Жемқорлық тағы да жерге қаратты» деген тақырыппен кеден бекеттеріндегі келеңсіздіктер туралы жазды. «Қазақстан үшін халықаралық жүк тасымалының маңызы зор. Өйткені ол Еуразияның ортасында жатыр. Жемқорлық жаһандық мәселеге айналып отыр. Бұл кесел осы ұйым құрамындағы елдердің бәрінде бар. Жемқорлықты кеден, шекара қызметкерлерін мамандандыру арқылы жеңуге болады. Бұл мақсатта ЕҚЫҰ барлық мемлекеттермен бірлесе жұмыс жасауға дайын. Бұған кеденде жаңа ІТ технологияны дамытудың мәні зор. Қай жүк көлігі кеденге қашан келіп тоқтады, оған қандай жүк тиелген - осының барлығы есепке алынып, келесі бір кеденге электронды мәліметтер түсіп тұрса, жүк көлігін қайтадан ақтарудың қажеттілігі тумас еді», - дейді ЕҚЫҰ-ның экономикалық және экологиялық қызметін үйлестіруші Горан Свиланович  

«Қыз Жібек» түркі тектіні тебірентті». Осы тақырыппен берілген аталмыш басылымдағы келесі мақала Ыстамбұлдағы Сүррея опера театрында ТҮРКСОЙ ұйымының опера күндері қортындысына назар аударыпты. «Түркі әлеміндегі опера өнерін әспеттеген шараның соңғы күні қазақтың «Қыз Жібек» эпосының 500 жылдығына арналды. Сондықтан опера күндерін қорытындылаған соңғы концерттің бірінші бөлімінде «Қыз Жібек» операсы қойылды. Оған Алматыдан арнайы ат арытып, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театрының әртістері келді», - дейді басылым.

***

Бүгінде елімізде еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақталмауы болсын, мейлі, басқадай себептер болсын, апатты жағдайлардың болуы жиілеп кетті. Осындай апатты оқиғалардың көбею себебі неде? Өзекті сауалға жауап іздегіңіз келсе «Алтын орда» апталығының бүгінгі санындағы «Сақтансаң - сақтармын» деген» тақырыбымен берілген сұхбатқа назар аударыңыз.

Сондай - ақ осы басылымдағы «Аңқау елге арналған әйдік сценарий» деген тақырыптағы мақала Атырау қаласында жұртқа «су тегін» ақша үлестірген тағы бір микрокредиттік ұйымның салымшыларының тақыр жерге отырғаны туралы жазыпты.

***

«Казахстанская правда» газеті де сейсенбілік нөмірінде Астанада өткен «Казахстан-2030» Стратегиясы: Қазақстан үшін жаңа онжылдықтың мүмкіндіктері мен болашағы» деп аталған халықаралық -ғылыми тәжірибелік конференция туралы жазған.

Кәсіпкерлер мен банк басшыларының соңын ала біріккен отандық БАҚ басшылары Үкімет басшысына үндеу жолдап, төрт өзекті мәселеде қолдау көрсетуді сұрады. Осы жөнінде жазған «Литер» БАҚ өкілдері ҚҚС  салығының нөлдік ставксін енгізуді,  авторлық және аралас құқықтар саласын басқаруды реттеуді, баспасөз таралымын жолға қоюды және БАҚ-та мемлекеттік тапсырысты орналастыру бағамын қайта қарауды сұрағанын айтқан.   

 Ал «Экспресс К» газетібірінші бетіне Астана қаласында екі адамның өмірін қиған қайғылы жол апаты туралы жазған. Мұнда Бейбітшілік пен Московский көшесінің қиылысында бір-біріне соғылып, сол жердегі аялдамаға шығып кеткен көліктің бірі автобус күтіп тұрған екі әйел адамды қаққан. Екі адам сол жерде  көз жұмған, тағы жеті адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаларға жеткізілген.