Қыз зорлады деген күдікті Балқаш қаласының екі тұрғыны тұтқындалды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Балқаш қаласындағы топтасып қыз  зорлаған  атышулы іске қатысы бар екі күдікті азамат ұсталып, оқшаулағышқа қамалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Адвокат Айман Омарованың мәлімдеуінше, қорғауындағы Нұргүл Құсылбекова екеуі зорлауға қатысы болуы мүмкін екі азаматтың ұсталуына қол жеткізген. Оларға қатысты екі ай мерзімге «күзетпен ұстау» бұлтартпау шаралары тағайындалды.

«Біз қолда бар дәлелдерді көрсете отырып, шу шығарып, баспасөз мәслихатын өткізгеннен кейін іске прокуратура назар аудара бастады. Күдіктілер ұсталды, қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр және жақын арада іс сотқа беріледі», - деді адвокат Айман Омарова.

Айта кетейік, 2016 жылдың тамыз айында Нұргүл Құсылбекованың полиция бөлімшесінде мәлімдегеніндей, Балқаш қаласының екі тұрғыны оны бейіт басына апарып, қорлаған. Олар оны қабір қазуға мәжбүрлеп, күрекпен ұрып-соққан. Қылмыстық іс бірнеше рет тоқтатылып, күдіктілер тұтқынға алынбаған. Табанды түрде полиция қызметіне жүгінгені үшін жәбірлеушілердің кек қайтаруынан қорыққан Нұргүл Балқаштан кетіп, Теміртауда пәтер жалдап тұрады.