НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әйелдер арасындағы UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалының жеребесі тартылды. Турнирдің аталған сатысында қазақстандық «БИИК-Қазығұрт» командасына Германияның «Бавариясы» қарсылас атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы ойындар 3, 4 және 10, 11 наурыз күндеріне белгіленген. Ал ширек финал 23, 24, 31 наурызда және 1 сәуірде болады.
Ал командалар 24, 25 сәуір және 1, 2 мамырда жартылай финалда кездессе, финал 16 мамырда Швецияның Гетеборг қаласындағы «Гамла Уллеви» стадионында өткізіледі.
Естеріңізге сала кетелік, 1/16 финалда қазақстандық клуб Украинаның «Жилстрой-2» командасын екі ойынның нәтижесімен (1:0, 1:2) орта жолда қалдырды.
Ал неміс футболшылары Нидерландының «Аяксын» екі ойында жалпы есепте 6:1 есебімен сүріндірді.
Айта кетейік, «БИИК-Қазығұрт» бұдан бұрын аталған турнирдің 1/8 финалында сынға түсті.
2016/17 жылғы кезеңде - Францияның Пари Сен-Жермен, 2019/20 жылғы кезеңде биылғы қарсыласы - «Баварияға» жол беріп қойды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.