Қыздар университетінің ректоры Д.Нөкетаева: «Аяулы менің қыздарым! Қыздар университетінің түлектері! Дана Абай бабамыз «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» дейді. Адамгершілік қасиетке ие, білімді, зейінді шәкірттеріңіздің «Менің алғашқы ұстазым!», «Мені оқытқан ұстаз!», «Менің сүйікті мұғалімім!» деген мақтанышты сөздерін әрдайым естіп жүрулеріңізге тілектеспін! Ұстаз мерейі шәкірт жетістігімен өлшенеді. Мерейлеріңіз үстем болсын! Еңбек жолдарыңыз ашық болсын! Мансап баспалдақтарыңыз өрлей берсін! Ақ жол, жас маман!», - дей келе кеше ғана білікті маман атануға деген асқақ арманмен Қыздар университетінің табалдырығын аттаған, міне, араға төрт жыл салып, заманауи жас кадр атанып отырған өзінің жас әріптестеріне құттықтау лебізін арнап, магистрлік және бакалаврлық дипломдарын табыстады.
Биылғы оқу жылында Қыздар университетін бакалавриат бойынша 2 мыңға жуық түлек, 182 ғылым магистрі аяқтап отыр. Ал бакалаврды тәмамдаған студенттерінің қатарына Миссиссипи мемлекеттік университетін бітіріп, екі дипломды маман атанған жаңа студенттер легі қосылып отыр. «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығы бойынша оқыған Жанаргүл Хамитова, Іңкәр Бүркітова, Элина Де, Дина Абдрахманова, сондай-ақ, «Педагогика және психология» мамандығы бойынша білім алған Айғаным Абдельдинова, «Информатика» мамандығы бойынша бітірген Ботагөз Сәбит Қыздар университетінің екі дипломды түлектерінің қатарын толықтырды.