Қыздар университетінде «Шеберлік шыңына шығар жол» концерті өтеді
Шараның ұйымдастырушысы - Өнер және мәдениет факультетінің хореография кафедрасы.
Қыздар университетінің «70 жылдыққа - 70 шара» аясында арнайы өтетін концертте «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің мақтанышы - Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты «Томирис» би ансамблі, Қ. Қожамияров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының «Рухсарә» биі ансамблі, Абай атындағы опера және балет театры мен Селезнов атындағы Алматы хореография училищесінің бишілері өнер көрсетеді.
Шараға сондай-ақ би өнерінің майталмандары, Қыздар университетінің түлектері - ҚР Халық әртісі Раушан Байсейітова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әлемге танымал балерина Құралай Сарқытбаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, прима балерина Сауле Рахметова, ҚР мәдениет қайраткері, Абай атындағы опера және балет театрының жетекші бишісі Жанель Тукеева арнайы шақырылып отыр.
Қыздар университетінің Хореография кафедрасының 25 жылдығына арналып отырған шара барысында аталмыш кафедраның жетістіктері мен қалыптасу жолы сараланып, арнайы дайындалған бейнефильм көрсетілетін болады. Айта кетейік, шара бүгін 24 сәуір күні сағат 14.00-де Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде басталады.