Қыздарды жатыр мойны обырынан қалай сақтандырамыз?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жатыр мойны обыры елімізде гинекологиялық ісіктердің ішінде бірінші орынды «бермей» тұр. Оның үстіне бұл аурудың жасы күннен күнге жасарып барады деп дабыл қағады денсаулық саласының мамандары.

Дендеп бара жатқан дертпен түбегейлі күрес жүргізбесе, оның арты демографиялық құлдырауға да әкеп соғуы мүмкін. Осыған орай, «Халықаралық медициналық құқық» Қоғамдық бірлестігі ҚР Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің 2011-2015 жылға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу үшін екпе жасаудың басымдықтары жөнінде халықты ақпараттандыру деңгейін арттыру» атты әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыруда. Жаман аурудың алдын алуға әбден болады, өйткені көп жағдайда ол белгілі бір созылмалы дерттің аясында пайда болады, дейді Астана қаласы бойынша онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары, онкогинеколог, медицина ғылымдарының кандидаты Үдербаева Гүлмира Жеңістекқызы ҚазАқпаратқа берген сұхбатында. «Ол үшін не істеу керек? Заманауи медицина аталған дерттің алдын алу үшін қандай тәсілдер ұсынады? Ал ауруға шалдыққан жағдайда не істеу керек?» деген сұрақ әрбір әйелдің, өсіп келе жатқан қызы бар әрбір адамның көкейінде жүрген сұрақтар. Алдымен жатыр мойны қатерлі ісігі деген не? Осыны анықтап алайық. Жатыр мойны обыры - өте қауіпті онкологиялық дерт, жатыр мойнында пайда болатын қатерлі ісік. Әлемдік статистика бойынша, аталған дерттен ғаламда әрбір екі минутта бір әйел көз жұмады екен. Қазақстанда қазіргі уақытта жатыр мойны ісігіне шалдыққан 10 мың әйел онкологтардың жіті бақылауында. «Соңғы деректерге сәйкес, елімізде жыл сайын бұл дертке 1200 әйел шалдығады, оның 600-і ажал құшады», - дейді Гүлмира Жеңістекқызы. Ал бір Астана қаласын алатын болсақ, қалалық онкологиялық диспансенрдің статистика бөлімінің мәліметтері бойынша, 2012 жылдың аяғында жатыр мойны обырымен есепке тұрған әйелдер саны 299 болса, 2013 жылдың аяғында олардың саны 334-ке жетіпті. Ең өкініштісі, олардың ішіндегі 22 әйел бұл дүниемен қош айтысқан. Аталған аурудың пайда болуына не себеп болады? Ғалымдар оның негізгі себептерінің бірі ретінде адамның папиллома вирусын жұқтыруын атайды. Бұл вирус жыныстық қатынас арқылы жұғады. Ал қанда папиллома вирусы болмайды. Ерлер аталған вируспен бірнеше жылдар бойы жүріп, өздері соны білместен әйелдерге жұқтыруы мүмкін. Себебі ерлерде бұл вирус ешқандай ауру шақырмайды. Бұдан, тіпті, мүшеқап та сақтай алмайды, себебі жай ғана тері үйкелісі аурудың жұғуына себеп болуы мүмкін. Жатыр мойны обырына әкеп соқтыратын бұдан басқа да факторлар жетіп артылады. Атап айтқанда жатыр мойнының эрозиясы аталған дерттің пайда болуына әсерін тигізеді. Сондай-ақ жатыр мойнының жаралары мен жыныс жолдарының инфекциялары және темекі шегу қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін. Темекі шегетін әйелдердің жатыр мойны эпителийінің қорғаныс қабілеті төмендеп, вирусқа қарсы тұруға тым әлсіз болады. Сондықтан, ата-аналар бойжеткен қыздарына ерте жыныстық қатынасқа түсудің, темекі шегудің арты орны толмас қайғыға әкеп соғуы мүмкін екенін айтып түсіндіргендері абзал. Өйткені жатыр мойны тіндері әлі толық пісіп жетілмеген жеткіншек қыздардың иммунитеті вирусты бірден қабылдап алады. Дәрігердің айтуынша, жатыр мойнының қатерлі ісігі - бүгінде алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық дерт. Әсіресе, бірінші, екінші дәрежеде болған жағдайда ем оңайлықпен қонып, әйелдің денсаулығы қайта қалпына келеді. Сондықтан, әйелдің салмағы азайып, әлсіздік меңдесе, іштің төменгі жағы ауырса бірден дәрігерге қаралған жөн. Ерте анықталған аурудан 100 пайыз айығуға мүмкіндік бар.

Мемлекет те дерттің бұл түрін ерекше нысанаға алып отыр. 2013 жылдан бастап елімізде ракқа қарсы ерікті тегін екпе жасау бағдарламасы жүріп жатыр. Екпе 11-12 жастағы қыздарға, яғни жыныстық қатынасқа түспей тұрған кезде жасалады. Сол арқылы иммунитет вирусқа тойтарыс бере алады.

Жатыр мойнының қатерлі ісігінен сақтандырам деген, қыздарының болашағына алаңдайтын ата-аналар үшін үлкен мүмкіндік туып тұр. Десе де, таңдау жасау әркімнің өз еркінде.

Ақмейір Шужина