Қызғалдақ сатқан ОҚО тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғалды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында қызғалдақ сатқан тұрғын әкімшілік жазаға тартылды.

Қазығұрттық жігіт қызыл кітапқа енген гүлді Алматы-Термез тасжолы бойында саудалап, табыс таппақ болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Айғақты зат ретінде қызғалдақ гүлдері тәркіленіп, аталған жайт бойынша ҚР ҚК 339-бабы («Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.  Жергілікті және  табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерінің тобы бірлескен жедел іс-шарасы барасында өзге де заңбұзушылықтарды анықтады. Екі күндік рейд барысында жер қойнауын заңсыз пайдалану, сондай-ақ аң және балық аулау, ағаш кесу секілді бұзушылықтарға тосқауыл қойылды. Мәселен, Келес өзені арнасында заңсыз жер қойнауын пайдаланып жатқан Сарыағаш ауданының тұрғыны да енді заң алдында жауап беретін болды. Өңірдің тәртіп сақшылары 52 жастағы азаматты экскаватормен және жүк көлігімен қазба байлықты тиеп жатқан жерінен қолға түсірді. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 334-бабымен («Жер қойнауын өз бетінше пайдалану») іс қозғалып,  тергеу амалдары жүргізілуде.