Қызмет бабында қаза тапқан полицейдің құрметіне Ерлік бұрышы ашылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қазақстан полициясы күні қарсаңында Қостанай облысы полиция департаментінің музейінде қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан Дархан Базарбаевты еске алуға арналған Ерлік бұрышы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салайық, полиция сержанты Дархан Базарбаев 19 қаңтарға қараған түні қызметтік борышын атқару үстінде қаскөйдің қолынан мерт болған еді. Өз отбасын қырып-жоймақ болып, қоқан-лоқы көрсеткен 28 жастағы Тобыл қаласының тұрғыны шақыртумен барған Дарханға пышақ салған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем сержантты құтқарып қала алмады.

Президент Жарлығымен полиция қызметкері қайтыс болғаннан кейін «ІІІ дәрежелі Айбын» орденімен марапатталды.

Дархан Базарбаевты еске алуға арналған Ерлік бұрышы Қостанай облысы полиция департаментінің музейінде ашылды.

«Дархан Базарбаев туралы естеліктер біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Ол құқық қорғау саласын таңдаған жас мамандар үшін адалдық пен абыройдың үлгісі болып қалады. Дархан қазақстандық полицияның даңқты дәстүрлерін жалғастырды, қызметтік борышына адалдық танытып, батырлықтың үлгісін көрсетті», - деп атап өтті Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев.

Сондай-ақ, облыс департаментінің мұражайында ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасов пен Медет Досымхановты еске алуға арналған стендтер орналасқан. Онда тәртіп сақшыларының ерлік істері, өмірбаяны жазылып, марапаттары сақталған.