ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, полицейлер Төтенше жағдай режимі енгізілгелі бері қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмауда. Нақты айтқанда, мұқтаж жандарға азық-түлік, медициналық маскалар мен антисептиктер таратуда.
Жуықта департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ренат Унарбеков бастаған тәртіп сақшылары көпбалалы отбасының үйіне барған. 34 жастағы ана кәмелеттік жасқа толмаған 7 баланы тәрбиелеп отыр. Оның үшеуі марқұм апайының бүлдіршіндері екен.
«Қиын жағдайға тап болған жанұяға азық-түлік себеті берілді. Сондай-ақ қашықтан оқып жатқан балаларға ноутбук сыйға тартылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бұдан бөлек, қызметтік міндетін орындау кезінде көз жұмған полиция қызметкерлерінің отбасылары да назарсыз қалмаған. Таяуда Руслан Нұрғалиевтің 3 баласына ноутбук тарту етілді.