Бүгінде үш перзентін тәрбиелеп отырған келіншек полициядағы қызметтің қиындығы нәзік жандарға кедергі келтірмейтінін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ТО Полиция департаменті Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкері Жамиля Нұржігітова 10 жылға жуық ішкі істер саласында қызмет атқарып келеді. Ол 2010 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, еңбек жолын Қызылорда облысы ІІД-нің Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, оңалту орталығының инспекторы лауазымынан бастаған. Бүгінде Түркістан қалалық полиция басқармасының штаб бөлімшесінің есепке алу тіркеу тәртібінің инспекторы қызметін атқарып келеді.
«Қызметтің қиындығы нәзік жандардың бұл саланы таңдауына кедергі емес деп ойлаймын. Керісінше, олар ерлермен бірге қару алып, еңбек етіп, жоғары жетістіктерге жетуде. Мен үшін күйеуім қолдап тұрғанда қиындық жоқ. Жанымды түсінетін, үйден ерте кетіп, кешігіп келіп жатсам да түсіністікпен қарайтын азаматым барда мен алмайтын қамал жоқ. Қызметіммен қатар жанұямның жағдайын да жасауға үлгеремін. Қазір отағасы екеуміз үш перзент тәрбиелеп отырмыз, тағы төртіншісіне аяғым ауыр. Үйде қыздарым «Анашым, жұмысыңыз қиын ғой, біз әкемізге ұқсап дәрігер боламыз» дейді әлден. Соған қарағанда қыздарым полицей болмайды-ау»,- дейді полиция капитаны.
Сыр елінің тумасы бүгінде Түркістан жеріне келін болып, қара шаңырақта ата-енесімен бірге тұрып жатқанын айтады. Жамиля Мыңжанқызы жұбайымен кездейсоқ жерде танысып, ақыры шаңырақ көтерген.
«Күйеуім Абдуғани Жүсіпбаевпен кездейсоқ таныстық. Ішкі істер саласына жұмысқа тұрғаныма 5 ай болған уақытта, тісім ауырды. Содан Түркістан қаласына емдетуге келдім. Сол кезде ауырған тісімді емдеген жігіт, жүрегімді жаулады. Сол кезден басталған таныстық үш рет кездесуге ұласып, екеуміз шаңырақ көтердік. Үлкен қара шаңыраққа келін болып түстім. Содан бері 10 жылға жуықтапты, үлкендердің батасын алып тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Бүгінде екі қыз, бір ұлымыз бар. Бірер айдан соң, көпбалалы ана болуға дайындалып жүрмін. Бала тәрбиесінде адалдық, бірсөзділік, адамгершілік секілді қасиеттерге баса назар аударамын»,- дейді полицей келіншек.