Қызметтен босатылған 62 астаналық өрт сөндіруші жұмысқа қайта қабылданбайды - В. Божко

АСТАНА. 13 мамыр. ҚазАқпарат - Қызметтен босатылған 62 астаналық өрт сөндіруші жұмысқа қайта қабылданбайды.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.

Еске сала кетсек, осыдан біршама уақыт бұрын Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті 62 қызметкерді негізгі жұмыс күнінен бөлек уақытта қосымша жұмыс істегенін желеу етіп, оларды сыбайлас жемқорлық бабы бойынша айыптап қызметтен босатқан еді. Отбасын асыру, кредитті өтеу мақсатында 2-3 жерде қызмет еткен осы қызметкерлер «жемқорлық жасамадық» деп жұмысқа қайта қабылдауды талап еткен болатын.

«Заң бәріне ортақ. Ешкім де, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер де заңмен ойнамауы керек. Ал заң бойынша мемлекеттік қызметкердің ұстаздық етумен және ғылыммен айналысудан басқа жұмысқа араласуына жол берілмейді. Екіншіден, заңнамада, ережелерде сыбайлас жемқорлық құбылыстар тудыратын әрекеттердің тізімі бар. Әрине, бұлардың басым бөлігі қайта қарауды талап етеді. Дегенмен, жұмыстан босатылғандардың әрекеттері сыбайлас жемқорлық бұзушылық нормасына жатады. Бұл баршаға ортақ норма», - дедi депутаттардың сауалына жауап берген Владимир Божко.

Бұл ретте министр заңның мүлтіксіз орындалу қажеттілігіне назар аудара келе, «жұмыстан босатылған 62 қызметкер қайта қабылдауға жатпайды және қабылданбайды да», деп кесіп айтты.

«Біз тұтас республика бойынша осындай фактілерге қарсы жұмыстар атқарып жатырмыз. Өрт сөндіру қызметкеріне үш тәулік демалыс 3-4 жұмысты қосымша атқару үшін емес, оның тынығуы үшін беріледі. Өйткені, өрт сөндірушінің жұмысы тым ауыр, адам ағзасына әсері көп», деді ол.