Қызметтесін өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі деген күдікпен қатардағы екі жауынгер ұсталды - ҚР ІІМ Тергеу комитетінің әскери-тергеу басқармасы

Фото: None
АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат - 5 сәуір күні сағат 03.35-те 5451 әскери бөлімінің жедел кезекшісінен хабарлама келіп түсті. Онда түнгі сағат үштің шамасында жанар-жағармай материалдарын сақтау қоймасы постының қарауыл бастығы бақылау мұнарасынан мойын тұсынан оқпен жараланған қатардағы жауынгер Р.Ақмолдиновті тапқаны жөнінде айтылған.

Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу комитетінің әскери-тергеу басқармасынан хабарлады.

Аталған түні Орталық аймақтық әскери-тергеу басқармасының Қарағанды бөлімінен жедел-тергеу тобы оқиға орнына бірден аттанды.

Оқиға орны қаралып, мерзімдік және келісімшарт бойынша борыштарын өтеп жатқан әскери қызметшілер, бөлім офицерлері сұралды. Баллистикалық, сот-медициналық сараптамалар белгіленді. Сондай-ақ кешенді сот психологиялық-психиатриялық және физикалық-техникалық сараптамалар тағайындау жоспарлануда.

Әскери қызметшінің өз-өзіне қол жұмсауына әкеп соқтырған жарғыдан тыс қарым-қатынастар фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін осы қылмысты жасады деген күдікпен қатардағы жауынгерлер 1993 жылы туылған Дидар А. мен Айдос А. ұсталды.