Қызметтік иттер, 155 адам қостанайлық оқушыны екі аптадан бері іздестіруде

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында екі апта бұрын жоғалып кеткен жасөспірім қызметтік иттердің көмегімен іздестірілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ілияс Омаров ауылының 17 жастағы тұрғыны Руслан Жұбанышев 27 сәуір күні жоғалып кеткен. Әкесінің айтуынша, Руслан бір топ ауылдасымен балық аулаға кетіп, қайтып оралмаған. Полицияға хабар екі күн өткен соң берілген.

«Сол күні балық аулауға шыққандардың бәрі карантин тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Қазір олардың адам жоғалуына қаншалықты қатысы бар екені тексеріліп жатыр. Балыққа шыққандардың арасында ешқандай дау-дамай болмаған. Бірақ олардың ішімдік ішкені анықталды. Русланды іздеу шаралары жалғасуда. Оған полицияның жеке құрамы жұмылдырылып, іздеу тобы жасақталды. 25 полиция қызметкері, 5 із кесуші ит, 30-дан астам жергілікті тұрғын және 100-ден астам волонтер қатысуда», - деді облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы Нұрлан Арыстанов.

Осы күндері ауыл маңындағы өзен-көлдер, үй аулалары, құдықтар мен бос ғимараттардың іші тегіс тексерілген. Іздеуге төтенше жағдай департаментінің сүңгуір мамандары қосылып, жақын маңдағы көлдерді сүзіп шықты. Әзірге нәтиже жоқ.

Анықталғандай, Руслан Жұбанышев мектепті биыл аяқтайды.