Қызыл кітапқа енген ағашты кескен алматылық фермер жауапкершілікке тартылмақ

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 40 жасар ферма иесі Қызыл кітапқа енгізілген 25 жас өскін тораңғы ағаштарын кесіп тастағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Панфилов ауданының прокуроры Айдын Төребековтың хабарлауынша, ферма иесі оны Дарбазақұм учаскесінен кесіп алып, қойға қоршау жасаған. Ол пайдалануға тыйым салынған сирек, жойылып кету қаупінде тұрған өсімдікті заңсыз өндіргені, сақтағаны, сонымен қатар жойғаны үшін айыпталып, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта аталмыш азаматтың өсімдіктер мен жануарлар әлеміне қаншалықты шығын әкелгендігі анықталуда. Ал, шаруашылық иесі болса ағаштың заңмен қорғалатындығын білмегендігін алға тартады.

Алматы облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Жаркент орман шаруашылығының анықтамасына сәйкес, тораңғы мұз кезеңін өткерген теректің жұрнағы екен. Ол жойылып бара жатқан өсімдік түрі ретінде Қызыл кітапқа енгізілген.