Қызыл кітапқа енген қарақұйрықтарды атқан браконьерлер қолға түсті

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында Қызыл кітапқа енген қарақұйрықтарды атты деген күдікпен аңшылар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінде мәлім етілгендей, браконьерлік фактісі Панфилов және Ұйғыр ауданында анықталған. Осы аймақтардың жергілікті тұрғындары Қызыл кітапқа енген қарақұйрықтарды аулаған. Екі фактіні де полицейлер табиғат қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге анықтады.

«Ұйғыр ауданында ұсталған үш браконьерден қарақұйрықтың тұтас еті, 7,62 мм калибрлі «Тигр» иір ойықты мылтығы, 12 мм калибрлі аңшылық қосауызы, сондай-ақ оқ-дәрілер табылып, тәркіленді. Панфилов ауданында ұсталушыдан екі атыс қаруы, яғни «Мосина» винтовкасы және 12 калибрлі қосауыз мылтық, патрондар мен қарақұйрық еті тәркіленді. Қарақұйрықтың етін браконьерлер УАЗ капотының астындағы арнайы құпия орынға жасырып қойған. Екі факті бойынша ҚР ҚК 337 және 339-баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметінен.

Жалпы, өңірде жыл басынан бері браконьерлікпен байланысты 600 факті анықталған.