Қызылағаш ауылында індетке қарсы шаралар жүргізілуде

АСТАНА. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат - Су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш ауылында індетке қарсы шаралар жүргізілуде,

деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

«Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің департаменті сүзек, сальмонеллез, дизентерия бактериофагтары мен «А» гепатитіне қарсы вакциналар сатып алу туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасына хат жолдады», деп хабарлады төтенше жағдайлар ведомствосының баспасөз қызметінен.

Ведомствоның ақпараты бойынша, микробиологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізілген талдаулардың нәтижесі нормаға сай болмай отыр. Сондықтан да, ауызсу үшін пайдаланылатын су көздеріне тыйым салынған белгілер орнатылды. Оған қоса, ауылда кене аулау жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың арасында инфекциялық, аса қауіпті және паразитарлық аурулардың алдын алу және олардың пайда болуын ескерту жөніндегі жадынамалар, кітапшалар таратылды.