Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Қызылқоға ауданында еріген қар суын сору жұмысы жалғасып жатыр.
Ауа райының күрт жылынуына байланысты Қызылқоға ауданындағы ауылдардың тұрғындарынан 6 наурыздан бері күн сайын шақырту жиі түсетін болды.
Соған байланысты департаменттің жедел құтқару жасағының құтқарушылары жергілікті атқарушы органның қызметкерлерімен бірлесіп еріген қар суын сору авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мақсат – тұрғын үйлер мен аулаларды қар мен жаңбыр суы басуының алдын алу.
«Бүгін, 10 наурызда жергілікті уақытпен сағат 17:00-ге дейін Миялы және Жангелдин ауылдарынан көшелерде жиналған 18 мың текше метр болатын еріген қар суы арнайы көліктермен сорылды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Авариялық-құтқару жұмыстарына Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 15 қызметкер, 3 техника мен 1 мотопомпа, ал, жергілікті атқарушы органның 40 қызметкері мен 9 техникасы, 5 мотопомпа тартылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төрт ауылдан 17 мың текше метрге жуық қызыл су сорылғанын хабарлаған едік.
Индер ауданындағы Жарсуат, Елтай, Өрлік ауылдарының көшелерінен 6, 7, 8 наурызда 6 710 текше метр су сорылған. Ал, Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылындағы екі үйдің ауласынан үш тәулікте еріген қардың 10 мың текше метр суы сорылып алынған.