Өткен жылдың 22 қарашасынан бастап вакцинаның 2 компонентімен қамтылып, 6 ай аралық мерзім өткен азаматтарға бустерлік дозаны егу қолға алынды. Бұл бойынша коронавируспен ауырған адамдарға да аталған мерзім бекітілген.
«Облыс бойынша ревакциналау қарқыны жаман емес. Еліміз бойынша алдыңғы қатарда келеді. Өткен жылдың 22 қарашасынан басталған ревакцинациядан 164 245 (74,5 пайыз) тұрғын өтіп, вирусқа қарсы иммунитетін күшейтті», - деп мәлім етті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Ведомство мәліметінше, өңірдегі барлық екпе кабинетінде ревакцинация, вакцинация жасауға екпе қоры жеткілікті. Қызылорда облысы бойынша 22 медициналық мекемеде коронавирус инфекциясына қарсы егу жұмыстары жүргізілуде. Олардың 13-і қалада орналасса, 9-ы аудандарда қызмет көрсетеді.
Еске салсақ, Қызылорда облысында екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 94,2 пайызы вакцина салдырды.