ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда көшелерінің бірінде қойылған қазақ қызының мүсіні әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Осыған орай қала әкімдігі ресми жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласы көшелерінің біріне қойылған қазақ қызының бейнесіндегі мүсін қызу талқыға түсті. Онда бойжеткен бейнесі ер адамға көбірек ұқсайтыны айтылды. Айта кетерлігі, аталмыш архитектуралық фигура қазір Қызылорда қаласы аумағында жоқ. Мүсін 2015 жылы Наурыз мерекесі қарсаңында «Қызылорда Көркем» ЖШС мекемесі қойған. Мүсін арнайы мамандар қолымен дайындалған. Дегенмен оның сыртқы түр сипатына байланысты қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы тарапынан сыни пікірлер айтылған соң, ол орнынан алынып тасталды», - деді Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімі.
Айта кетейік, бүгінде Қызылорда қаласында 55 аллея мен сквер, 69 тарихи-мәдени ескерткіш, қала мәдениеті мен облыс орталығының әсем келбетін айшықтайтын 20-ға жуық архитектуралық мүсін бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.