Әлеуметтік саланың дамуына келер болсақ, соңғы үш жылда білім беру саласына 188 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде бұл саладағы бірқатар маңызды мәселелер тиімді шешімін тапты.
2015 жылы 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызға жетті. «Балапан» бағдарламасы аясында бұл көрсеткішке қол жеткізу 2020 жылға жоспарланған болатын. Сыр елі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бұл міндетті мерзімінен бұрын орындады. Тек өткен жылы мемлекеттің қолдауы арқасында облыста 80-ге тарта жеке меншік балабақша ашылды. Бұл тәжірибе республиканың басқа аймақтарына үлгі ретінде таратылуда.
- Өткен жылы Байқоңыр қаласының қазақ тілді 5 мектебі мен 1 балабақшасын Ресейден Қазақстанның қарамағына қайтардық. Ол мектептерге қажетті құрал-жабдықтар алынып, ұстаздарын жан-жақты қолдау шаралары жасалды. Соңғы жылдары біз апатты мектептер мәселесін шешуге мықтап кірістік. 2013 жылы 36 апатты мектеп болса, екі жылда соның 25-ін жаңадан салып шықтық. Қалған 11 апатты жағдайдағы мектептердің құрылысын бұйырса ағымдағы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде шешеміз, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
2015 жылы Ұлттық бірыңғай тест нәтижелері бойынша облысымыз ең үздік бес облыстың қатарына кірді.
.