ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал ауданында провизорлық стационар жұмысын тоқтатты. Емдеу орнынан соңғы науқас сауығып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Соңғы уақытта Арал ауданында эпидемиологиялық жағдай жақсарды. Осыған байланысты Арал қаласында коронавирус инфекциясы күшейген тұста ашылған провизорлық стационарды жабу жөнінде шешім қабылданды.
«Провизорлық бөлімше бес айдан астам уақыт ішінде 286 науқасты айықтырды. Науқастарға 22 медицина маманы қызмет көрсетті. Дәрігерлер бірнеше ауысым бойынша тәулік бойы тынымсыз еңбек етті. Қазір стационар ішінде дезинфекциялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде», - деп мәлім етті Арал ауданының әкімдігі.
Бұдан бұрын Қызылорда облысы Жалағаш ауданында провизорлық стационар жабылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.