Қызылорда арзан аймақтардың көшін бастады
20:24, 07 Сәуір 2009
ҚЫЗЫЛОРДА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) – Қызлорда облысының орталығында, аудандарда азық-түлік жәрмеңкелерін тұрақты өткізу, тұтыну рыногына ұдайы мониторинг жүргізіп, ондағы жағдайға талдау жасау нәтижесінде бағаларды тұрақтандырудың негізі қаланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Күні кеше республиканың Статистика жөніндегі агенттігі үстіміздегі жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляцияның көрсеткіштерін жария етті. Айрықша атап өтерлігі, Қызылорда облысы тұтыну бағаларының арзан көрсеткіші жөнінен еліміздегі 16 аймақтың ішінде алғашқы үштіктің қатарына еніп отыр. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың ақпан айымен салыстырғанда, наурызда облыстағы инфляцияның өсімі бар болғаны 0,6 пайыз құрайды. Ал осы кезеңде республикадағы орташа өсім 0,8 пайыз болды. Республикадағы инфляция өсімінің осы кезеңдегі ең төмен деңгейі Павлодар облысында байқалды. Аталған аймақта оның өсімі 0,3 пайыз, одан кейінгі орындарды Батыс Қазақстан (0,5), Ақтөбе (0,7), Солтүстік Қазақстан (0,7) және Маңғыстау (0,7) облыстары алып отыр. Бүгінгі күнге ең қымбат аймақтардың қатарын Астана қаласы, Оңтүстік Қазақстан, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары құрайды.Статистика жөніндегі агенттік, сондай-ақ өткен 2008 жылдың қаңтар-наурыз аралығы мен 2009 жылдың қаңтар-наурыз аралығындағы инфляция көрсеткіштерінің қорытындысын жариялапты. Осы кезеңде инфляция өсімі республикада орта есеппен 8,8 пайыз құраған. Ал Қызылорда облысындағы өсім бар болғаны 7,8 пайыз құрайды. Яғни, жыл көлемінде алғанда да Сыр өңірі макроэкономиканың маңызды көрсеткіші ? инфляцияны тежеу бағытында елеулі жетістікке қол жеткізген. Аталған кезеңде облыс алдына Ақмола, Ақтөбе және Қарағанды облыстарын ғана жіберіп алған.