Қызылорда Азиада алауын қабылдап алды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Кеше кешке 7-нші қысқы Азия ойындарының алауы Шымкенттен чартерлік рейспен Қызылорда әуежайына жеткізілді.

Осы жерде алау эстафетасы дирекциясының өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді.

Ал бүгін, қаңтардың 15-і күні сағат 12-00-де ҚР Тұңғыш Президенті саябағында алау эстафетасының ашылу салтанаты болды. Салтанаттан кейін алауды қала көшелері бойымен алып жүгіру мәресі басталып кетті. Оны облыс әкімі Болатбек Қуандықов бірінші болып алып шықты. Ол өзіне тиесілі 200 метр аралықты жүгіріп өткеннен кейін алауды тоғызқұмалақтан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы Әсел Дәлиеваға тапсырды. Бұдан кейін алау эстафетасына Наталья Лептикова, Алмас Өтешов, Ольга Егунова, Жанар Жанзұнова секілді белгілі жаттықтырушылар мен спортшылар қатысты.

Жалпы, Қызылордада алау эстафетасы екі кезең бойынша өткізілгелі отыр. Оның бірінші кезеңі түсте Ғ.Мұратбаев атындағы стадионға жетумен аяқталады. Ал түс ауа теміржол вокзалы маңында екінші кезең басталады. Бұларға барлығы қатысады. Эстафетаның соңғы кезеңі орталық алаңда аяқталып, соңы отшашуға ұласады.