Қызылорда қалалық ауруханасы қайта құрудың жаңа кезеңін бастан кешіп жатыр

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Осыдан біршама уақыт бұрын Қызылорда қалалық ауруханасы жекелендіріліп кеткен еді.

Алайда, ол бұдан кейін өзінің алдына қойылған міндеттерді орындаудың орнына аурухананың ауруларды қабылдау қабілетін көрер көзге күрт төмендетіп, негізгі мақсатына сай келмейтін тірліктерге бағыт ұстай бастады. Сондықтан облыстың сол кездегі әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тікелей араласуымен қайтадан мемлекет қарауына қайтып алынған болатын. Емдеу орны осылайша 2008 жылдың басында «Қы­­зылорда қалалық ауру­ханасы» мемлекеттік ме­кемесі» болып қайта құрылды.

Осының арқасында 2009 жылы ауруханаға күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізіліп, ол 150 төсектік болып қайта құрылды. Ол үстіміздегі жылдың басында қайта жаб­дықталып, толығы­мен іске қосылды. Емдеу орнында қо­сым­ша 10 төсектік күндізгі және 20 төсектік тәуліктік емдеу бөлімі және жедел жәр­дем зертханасы ашылды. Сонымен қатар бір­қатар за­манауи құрал-жаб­дық­тар алын­ды. Мәселен, эндо­ско­пия, физио­терапия бөлімдері жаңа аппа­раттар­мен қам­тамасыз етілсе, бір­неше УЗИ аппа­раттарына да қол жеткізілді. Сондай-ақ, фи­зио­­терапия­лық зертхана, реани­ма­ция бөлімдері уақыт талабына сай кеңейтілген.

- Күрделі жөндеуден кейін ауруханаға келушілер қатары көбейді. Бұл өз ретінде емдеу орны қызмет сапа­сының жақсарғандығын бай­қатады, - дейді аурухананың бас дәрігері Асылбек Тоғызбаев.

Жыл басынан бері ауру­ханада 2500 науқас емделіп шықса, оның 700-ге жуығына ота жасалған. Осының нәти­жесінде жоспар бойынша 116 млн. теңге көлемінде қаржы табу көзделсе, бұл меже бес айдың өзінде 132 млн. теңгеге жеткен. Сондай-ақ елімізде жыл басынан бастап енгізілген бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша жақсы жұмыстар жүре бастады.