Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Жәлиев жаңа қызметке ауысты
Бұған дейін қала әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Жәлиев Нұрхан Бұхарбайұлы жақында ғана Елбасының Жарлығымен құрылған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің «Талдау және стратегиялық жоспарлау департаменті» директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады қалалық әкімдікке сілтеме жасап.
"Нұрхан Бұхарбайұлы, қызмет жолында өзінің іскерлігі мен біліктілігінің арқасында түрлі салаларда жемісті еңбек етіп, аймағымыздың әлеуметтік және экономикалық әлеуетінің артуына ерекше үлес қосып жүрген, саяси технологияларды және идеология саласын жетік меңгерген маман ретінде, тапсырылған барлық қызметтерді абыройлы атқарды"- деген қала әкімі, Н.Жәлиевке барша әріптестерінің атынан алғысын білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, «Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өңіріміздің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өмірінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі және абыройлы еңбегі үшін» қала әкімдігінің «Құрмет» грамотасымен марапаттады.
Келесі кезекте, мәжілістің күн тәртібінде бекітілген екі мәселе қаралды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалу барысы туралы" қала әкімінің орынбасары Марсбек Молдабаев және "Қызылорда қаласы және оған қарасты елді мекендердің бекітілген қала құрылысы құжаттарында белгіленген талаптардың сақталуы туралы" қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Пакуатдин Шамұратовтың хабарламалары тыңдалды.